ӘЛДИ, АНА...
ӘЛДИ, АНА...

Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың. 
"Жас теректі" несіне уайымдадың, 
Жел соғады, əйтеуір жел болғасын.

Жұлдыз біткен жұтылып жанарыңа, 
Мейірімге тұншықты-ау ғалам мына.
Жер дегенің - пендеге болса мекен, 
Аспанды əкеп қоямын табаныңа!

Таусылмашы... Емес бұл жанашуым -
Аналардың қашан да бағасы ұлы!
Сенің көзің - Құдайға сыйынатын, 
Он сегіз мың ғаламның қарашығы. 

Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың. 
"Жас теректі" несіне уайымдадың, 
Сел жүреді, əйтеуір сел болғасын.

Ал, мына түн - өзгермес байырғы түн, 
Қайырсыз кім, білмеймін қайырлы кім...
Ұйықташы, анашым, алаңдамай, 
Ұйықтаңдар, аналар, қайырлы түн! 

Əлди, Ана...

Бiржан АхмерБiржан Ахмер
9 жыл бұрын 6321
2 пікір
  • Бәрекелді, Біржан ақынның өлеңі жақсы екен. Аналар уайымсыз ұйықтасыншы...
    9 жыл бұрын
  • Ой, шіркін! Бізді уайымдап аналарымыз қанша түн ұйқысыз өткізді десеңізші... Ендігі кезек - біздікі...
    9 жыл бұрын
Блог туралы