ЖЕТІМ МҰҢЫ (Монолог)
ЖЕТІМ МҰҢЫ (Монолог)

Жылы арай шашқан көрсетіп маған таң нұрын,

Жұбатпа мені,

Жұбатпа бекер, тағдырым.

Жұбатсаң егер жетім боп қалар тағы да,

Жаныммен егіз жаралған мынау зар-мұңым.

 

Теңіз боп өмір толқынын соқса кеудеме,

Мұңайман-дағы,

Көнгемін сол бір шерге де.

Түсіндір бірақ, түсіндір маған, тағдырым!

Жетім еместен

Жетім боп тудым мен неге?!...

 

Сүреңсіз күздей құлазып көңіл қалғасын,

Алмасам алман

Қоғамның құрғыр бағасын!

Тас бауыр жерге тастаған күннің өзінде,

Кешірдім сені,

Кешірдім сені, анашым!...

 

Кешірдім сені,

Кешіргін енді мені де,

Апарып қондыр бақыттың айдын көліне.

Түсімде сенің көремін аппақ бейнеңді,

Түсінбей мені жыраққа кеткен өңімде...

 

Келмеске кеткен оралып қайта сонау бақ,

Сағыныштардан болар ма екен санам пәк?!

Бөлеген мені бесікті келіп тепсең де,

Бола алман дедім,

Бола алман, АНА, саған жат!

 

Тағдырдың тылсым тұңғиық сырын сезерде,

Мен едім зарын,

Мен едім жасын төгер де.

Сейілмес мұңды жүрмес ем бұлай арқалап,

Себебін білсем егерде...

 

Кеткенін қалап қайғымның, сірә, қабақтан,

Шуағын сүйдім

Өмірдің өзі таратқан!

Бақыттың меңзеп алдымда күтіп тұрғанын,

Жел болып келіп

Жасымды сүртті ЖАРАТҚАН!  

Бiржан АхмерБiржан Ахмер
8 жыл бұрын 47213
0 пікір
Блог туралы